06.11.2026
Мектептегі стартаптан мемлекеттік жобаға дейін: 16 жастағы Shoqan оқушысы үш технологиялық жобаның авторы

Shoqan мектебінің 10-сынып оқушысы Алан Баймұхан бір жылдың ішінде алғашқы стартап байқауындағы жеңістен республикалық форумдағы жүлделі орындарға және мемлекеттік деңгейдегі жобаларды дамытуға дейінгі жолдан өтті.

Аланның Takhet+ жобасы Shoqan Startups байқауында III орын иеленіп, 1 миллион теңге көлемінде жүлдеге ие болды. Қазір ол өз командасымен бірге жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға негізделген жобаларын дамытып келеді.

Takhet+ — пациенттерді, дәрігерлер мен клиникаларды бір цифрлық жүйеге біріктіретін жасанды интеллект негізіндегі медициналық платформа. Қазіргі уақытта жобаның 2–3 серіктес клиникасы және 150 дәрігермен жасалған келісімі бар. Сонымен қатар платформаның корпоративтік бағыты да дамып келеді.

Jauynger — әскери қызметке қабылдау үдерісін цифрландыруға арналған экожүйе. Платформа азаматтарға өтініш беруден бастап, келісімшартқа қол қоюға дейінгі негізгі кезеңдерден онлайн өтуге мүмкіндік береді. Жоба AI & Digital Bridge Kazakhstan форумында «Жылдың үздік мемлекеттік жобалары» номинациясы бойынша III орын иеленді.

Форумнан кейін команда Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі өкілдерімен платформаны енгізу және одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Қазіргі таңда жоба толық іске қосылып, jauynger.gov.kz ресми сайты жұмыс істеп тұр.

Simplify — шетелдік компаниялардан жұмыс іздеу үдерісін автоматтандыратын жасанды интеллект агенті. Ол түйіндемені бос жұмыс орындарының талаптарына бейімдеп, ілеспе хат дайындайды және халықаралық платформалар арқылы жұмысқа өтінім жібереді. Жобаның көмегімен қазақстандық мамандар шетелдік компанияларға жұмысқа орналасып үлгерді.

AI & Digital Bridge Kazakhstan форумында Simplify 290 команданың ішінен ТОП-15 қатарына енді. Сонымен қатар Аланның командасы жалпы аудиториясы 140 мыңнан асатын екі білім беру орталығымен серіктестік орнатқан.

Аланның жетістіктері — ізденіс, батыл бастама, заманауи технологияларды меңгеру және командалық жұмыстың нәтижесі. Оқушылардың идеяларын қолдап, оларды нақты жобаларға айналдыруға мүмкіндік беру мақсатында Shoqan мектебінде екінші жыл қатарынан
Shoqan Startups жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама оқушыларға өз идеяларын дамытуға, алғашқы өнімдерін жасап, стартаптарын тәжірибе жүзінде сынауға жол ашады.

Аланның жобалары — осы мүмкіндіктің нақты нәтижесі.

SHOQAN — ЕРКІН ОЙ, КЕҢ ӘЛЕМ.

Хабарласу